Еркебұлан ҚАЙНАЗАР: "Не жақсы, не жаман?"
Бұл жалғанда не жақсы,
Ғайыпқа сенген көз жақсы.
Еспесіз шашқан байлықтан,
Етекті жапқан бөз жақсы.
Зікірмен таңын атырып,
Шүкірмен күнін батырып,
Халқыңа тиіп пайдасы,
Артыңа қалса сөз жақсы.
Ал, жақсылардан не жақсы?
Несібең болса мол жақсы,
Қазынаң болса қарызсыз,
Қажыға барған жол жақсы.
Араша түсіп жоқтыққа,
Садақа берген қол жақсы.
Таң намазда тік тұрып,
Бесінде белін бүктіріп,
Асырдан өтіп ақшамға,
Құптанға түнін күттіріп,
Бес уақыт намаз оқысаң,
Бес күнде мынау сол жақсы.
Жақының үшін дұға етіп,
Жанардан аққан жас жақсы,
Қайғысыз, мұңсыз семірген,
Тоқтан да кейде аш жақсы.
Тәңіріңе сиынып, әміріне иіліп,
Рамазан айы келгенде,
Оразаменен тыйылып,
Ақшамда ішкен ас жақсы!
Жұртыма Алла иман бер,
Имансыз елдер оңған жоқ,
Ұлтыма мынау ұйысқан,
От салып жүрген қолдар көп,
Біздерге Алла бірлік бер,
Өрт шыққан жерде орман жоқ.
Дініме Алла қуат бер,
Ізіңнен шыққан жолдар көп.
Оң жағыңда бір ел бар,
Шіркеуде соққан қоңырау.
Сол жағыңда бір ел бар,
Табынған тасқа саңырау.
Біз бірміз, олар оннан көп.
Дарқандығы даладай,
Аңқаулығы баладай,
Аңғал да, саңғал қазаққа,
Алладан басқа қорған жоқ.